«Бала емізіп отырғанда оққа ұшты»: Журналист Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде төрт баланың анасы қалай қаза болғанын айтып берді

Полиция марқұмның күйеуіне қай солдат оқ атқанын зерттейміз деген


16/01/2022
12:58 38082 0

Фото: Гүлмира Әбіқайдың Instagram парақшасы

 

5 қаңтарда Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде төрт баланың анасы оқ тиіп қаза тапты. Мұны журналист Гүлмира Әбіқай Instagram парақшасында хабарлады

 

Оның сөзінше, оқиға боларда 35 жастағы Жанар көлікте бала емізіп отырған. Оқ көліктің арт жағынан келіп тиген. Әйел сол мезетте көз жұмған. 

 

— 05/01/22 қызуы көтеріліп мазасызданған жеті айлық Нұрымға дәрі алуға шыққан отбасы анадан айырылды. 35 жастағы Жанар кішкентайын емізген күйі басына оқ тиіп мерт болды. Азан-қазан жылаған бала, қанға бөккен бөпе, есеңгіреген отағасы.

 

Сол күйі қаладағы қайын әпкесіне барады. Олар түсінбей, абдырап, бірінші кезекте жедел жәрдем шақырған, бірақ келмеді. Жарын өздігінен 4-ауруханаға апарғанда, (дәрігерлер — ред.) «оқ басын тесіп ми ішінде қалды, азаматша сол мезетте-ақ жүріп кеткенін» айтқан, — дейді журналист.  

 

Жанардың күйеуі Сұлтан Бүркітбаев оқиға боларда Фурманов (Назарбаев) көшесінің бойында кетіп бара жатқанын айтады. Көлікте келіншегі мен сәбиінен басқа екі баласы отырған. Біреуі төртте, екінші екіде. Жалпы, Жанар — төрт баланың анасы. Үлкені жетіде. 

 

Алматы тұрғыны полицияға әйелінің өліміне қатысты арыз жазған, ондағылар оған әскери тергеу қызметкерлері хабарласатынын, көлігі сараптамадан өтетінін және қай сарбаз оқ атқанын тексеретінін айтқан. 

 

Гүлмира Әбіқай отбасына әкімдіктен көңіл айтып ешкім келмеді дейді. 

 

«Бұл өлімнен ресми билік, балалар омбудсмені хабарсыз. Қала шетіндегі жалдамалы времянкада (тұрады — ред.). Сұлтан құжатпен жүгіріп жүр, Нұрым емшектен шығып ешкінің сүтіне көшуде, қыз бақшадан қалды, ертең мектеп… жағдай қиын. Осы айдың балаларға арналған 76 мың тг. жәрдемақысын ала алмады. Бүгін ХҚО барған, Halyk Bank “6 айдан соң аласыз” депті»

 

Журналист парақшасында отбасына көмектесем дегендерге Жанардың есепшотын көрсетті. 

Поделиться

Нет комментариев.

16/01/2022 12:58
38082 0

Уведомление